Салман Рушди: «Ыстық мұз» тағдыры және Чеховтың «Шағаласы»

11.10.2026 19:27 · Интересное

Салман Рушди: «Ыстық мұз» тағдыры және Чеховтың «Шағаласы»

Сурет: madeniportal.kz

Астананың 25 жылдығына арналған «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» атты шара аясында Сұраған Рахметұлының «Ыстық мұз» деп аталатын толғауы оқырманға жол тартты. Бұл жазбада Салман Рушдидің тағдыры мен Антон Чеховтың «Шағала» туындысы қатар өріліп, терең философиялық ойларға жетелейді.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Салман Рушди (толық аты-жөні Ахмед Салман Рушди, Ahmed Salman Rushdie) 1947 жылы дүниеге келген. Шыққан тегі сәл даулы болғанымен, арғы тамыры көне үнділік. Ұлыбританияда өмір сүрген жұмбақ әрі алыс құрлықтағы Американың жазушысы. Таңғажайып тарихпен де, әсерлі мифологиямен де, әшкере фантастикамен де жан-жақты шұғылданған тұлға, жетілген қаламгер. Батыс пен Шығысқа аты мәшһүр күрделі ілімді, жүректі ойшыл және үнемі жаңаша сипаттағы стильдерді сұрыптап іздеп қолдаушы эссеист. Оны Ұлыбритания королевасы өз пәрменімен бүкіл ағылшын әлеміне паш етті. Әрине, ашық-екі пікірлері мен өнімді еңбегі ескеріліп, Патшайым II Элизабет оны рыцарлық мәндегі өрескел өжет ер жігіт «Sir» деп әспеттеді (2007). Бізше – «Сері» деген атаққа жақын даңқ болуы мүмкін!?

Салман Рушди «Сэр»-і бастапқыда қарапайым ғана көрінгенімен, бара-бара сиқырлы реализммен «сырқаттанған» қырағы сыншылығы ашылды, күңгірт ойларымен бірдей «ақындығы» да недәуір төлежіп күшейді. Сол тұрғыда Ұлыбритания мен оқырмандары мығым Ирландиядағы табиғи «жасыл аралда» тек ағылшын тілінде ғана жарияланатын ең үздік романға бұйыратын – Букер сыйлығы (The Booker Prize) Салман Рушдиге «Түн балалары» (Midnight’s Children, 1981) романы үшін берілді. Үндістанның азат болуы мен бостан алуы жеке ел тарапына қарай бөліну кезеңін терең де сәтті дәріптеп, кең де кемел сипаттайтын «Түн балалары» әлемдік әдебиеттанушылары сиқырлы реализмге (magical realism) жорыған тұғын.

Салман Рушди ер кезегі үштен есен өтіп, төртінші кезекте – «Сайтан жырлары» (The Satanic Verses, 1988) пәтуа романы, постмодерндік шығармасы жарық көрді де, күллі мұсылман әлемін өте қатты дүрліктіріп жіберді. Ислам діні және Мұхаммед пайғамбарға астыртын астармен келекелі күмән келтірген кәпір дөрекі атеист, барып тұрған мульхид (ملحد) құдайсыз саналды. Иранның екінші Жоғарғы көсемі Аятолла Әли Хаменеи (1939-2026) – билікке келісімен (1989) осы мульхиді дереу көрінген жерінде сылқитып өлтіруге пәтуа (үкім) шығарды. Салманның дін алдындағы жазасы аса ауыр еді. Бірақ, кебенек киюге бұйырылған ол бүгіндері Нобель сыйлығынан да үмітті…

Демек, Салман жалғыз жалқы, надан атеист мүлде емес еді. Адамзат әдебиетінің алдыңғы бір буынында «1984», «Хайуандар бағы» шығармалары арқылы өз дегеімен діни сенімді көркем әжуалаған, шіркеулерді тәлкектеген Жорж Оруэлл (George Orwell 1903-1950), Адамның өзін құдай хаос абсурдты жазып насихаттаушы Альберт Камю (Albert Camus 1913-1960) деген екі ірі-ірі «ұстаздары» болды…

Салманның өзі пір тұтқан әріптес замандасы осызамандық «Жаңа атеизм» (New Atheism) немесе «Құдайдың адасуы» (The God Delusion) деп жазған Ричард Докинз (Richard Dawkins 1941) әсер етті деуге негіздемелер бар. Одан өзге өзінен екі жас үлкен Ұлыбритания жазушысы Кристофер Хитченс (Christopher Hitchens 1949-2011) «Құдай құдіретті емес» (God Is Not Great) деп жазған қаламгер де Салманға тегіннен тегін әсер етпеген секілді… Асып туған адамның ақылдан ауытқып, «адасуы» – мүлдем басқаша психологиялық жағдаяттарға қатысты бола ма, деген болмашы күдікті ой мазалайды!? Салман Рушди деген жай ғана біреу емес, өрескел ғұлама, азапты да адуын ойлы адиб те, пайымы қарымды фазел де!?

Салман Рушди жасырынып, ағылшын жандармдардың қатаң бақылауында қалдырылған тағдырлы үрейлі кезеңді басынан кешірді. Үнемі тығылмақта, қараңғы қапаста аңдуда болған оның 12 жылы пышақ жүзінде өтіп жатты. Ақыры 2000 жылдардан шамалы ұмытылып, аздап қарақан басы бостан бола бастағанымен, ол бақылаудан біржола құтылмаған-ды. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 2022 жылы сарша тамызда лекция оқу барысында жалдамалы жендеттерден пышақталған. Әйтеуір бір жолға су ішерлігі түгесілмей, ажалы жетпей бағы жеңген. Оған пәтуа берген Аятолла Әли Хаменеидің ажалы геосаяси ағым аясында тіптен басқадан келді. Алайда Салман сол арада оң көзінен айырылып, бір қолы қатты жарақатталып, мүлдем мүгедек болып, руһани зардап шеккен қағынды… Не деуге болады бұған!? Фридрих Ницше: «Ең терең зардап шеккен адам ғана күлкіні ойлап тапты» (Only the deepest suffering could have invented laughter)…

Бұл ретте біздің – «Ыстық мұз» деп меңзеген бұл тақырыптың шешімін Ұлы Абайдан іздедік: «…Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек…» деп өзі де айтыпты. Бұл жай ғана орай шалды қылып айта салатын бос сөз емес. Ол өз дәуірінде суық от, ыстық мұздай тағылымдарымен оқшау келе жатқан жадысы әбден асқынған жан.

Ештеңе де өлген жоқ…

Антон Чеховтің ғажайып туындысы – «Шағала» (Чайка) 1895 жылы жазылып, 1896 жылдан бастап жұлдызы жарқыраған. Тауыриһаты Санкт-Петербургте Александрин театрында тұңғыш қойылған дейді. Ал, әлемнің бұқым баяғы 100-ден астам тілінде жарық көрген классикалық ұлы туынды драмалық комедияны тағы да қайталап көруге ынтығып жүргендер көп шығар!? «Шағала» ғаламдық театр сахналарын кие тұтқан жанкешті өнер адамдарына ерекше қанат беретін әйгілі туынды.

Жуырда ғана Астанадағы «Жастар» театрына Гүлсін Мерғалиеваның режиссерлігімен қойылады дегенді естіп елеңдеп жүргенімде, басқа сапар қатарласып, қабаттасуымен қапыда сәті болмады.

Шығармашылықпен бетпе-бет келетін тап-таза руһты актёрлер мен талантты актрисалардың ой санасында үздіксіз ұласқан машақатты ұштайтын бір тылсымдық сарындар осында көп. Ерекше сомдаулы бейнелері де күрделі тағдырлы, танымды таңғажайып эмоционалдық бағдарымен меңзейді. Антон Чеховтың комедиялық һәм трагикомедиясы бүгінге шейін өз биігінен мысқалдай да төмендеген жоқ. Жазушы ежелгі ескі тәураттың заңы бойынша адамзаттың құлықсаналық тереңіне қарай ойлануды текті оқырманға ұқтырардай туынды жасаған сыңайда. Адамзатта ешқандай кінәсіз пенде жоқ екенін өте аз сөзбен аса мазмұнмен жеткізеді.

Өнердің күдір жолдарындағы сапар шеккен қым-қуыт азапты тағдырларды бейнелейтін шүңеті терең де соқпағы күрделі қойылымды тағы бір жағынан көру расында арман еді бізге. Орыс театрларында талай рет қойылған драмалық қойылымдардың шешімі мен оның түп тағдыры, үрдісі, үдерісі әрқилы пайымдалған болуы мүмкін. Осыны біздің ұлт немесе біз қалай жоруымыз керек?! Бұрынғы жазба мәтін өте өтімді түрде шебер жазылған тренд (trend) сықылды болатын-ды… Ал, театрлар сахналарында осы кереметтердің бірсыпырасы тәуір көрсетілсе: тәураттың құқықнамасындағы құлықсананы санасымен тербеген Чеховтың идеяларының көбінің өңі өзгеріп кететіні жасырын да қылмыс та емес секілді. Басты кейіпкерлерінің ең ірісі Ирина Николаевна Аркадина есімді тек киелі сахна үшін жан-тәнін аямайтын өлермен актриса. Сұлу, тәкаппар, өзінше атаққұмар, өзімшіл жан. Ол күйеуі Треплевтің ата-тегімен – «Треплева» аталады. Бірақ, әмбебап типтік, әсіре саналы ұрғашы өңге сенімде. Мән-мағынасыз, бағыт-бағдарсыз ештеңе жасамайтын әккі де өр көкірек.

Ирина сұлу жан дүниесінің жартысын таңдаған көңілдесі белгілі жазушы, драматург Борис Алексеевич Тригоринге арнайды. Өмірдегі шынайы актриса мен жаны жұмсақ сүлкіні нәумез жазушының жан сезімдерін осы драмада аса жинақы шебер философиялық жағынан көтеріп көрсетіп береді. Өте көп оқырмандары бар, тек қана драмада көрермендері де барынша көп жинап үлгерген бейнетқор. Тригорин есімді осы бей талантты қаламгердің қажыған сұйқыметі Аркадина мәликенің көңілін неге тарта түседі?! Бұл өте шағын сюжеттің мән-мағынасын құлықсаналық иірімнен іздеп тапсын дегені ме ұлы жазушының!?

Әрине, бұрынғы түпнұсқадағы образдардың ішіндегі ең күрделісі байдың ерке қызы Маша һәм Нина Заречная. Осынау талшын денелі бикенің келбеті ерекше суреттелген еді. Айдын көлді айналып, толқындарды жағалап ұшатын ақ шағала секілді сүйкімді бойжеткеннің арманы мен ізденісі сахна төріне келгенде қойылым арқылы оның ішкі жан дүниесі тіпті анық байқалатындай адал да асқақ тағылым-ды. Адасу, өз өмірін өз қолымен мансұқтау: немесе өз тағдырын біржола тәмамдалды деп ойламайтын төзімді кейіп.

Кейде кейбір қойылымдар барысында кейіпкерлер тым күңгірттеніп кететіні болмаса, осы туындыны ескі мәтінімен сәл тереңдеп оқыған оқырманға әр кейіпкердің образдары өте жақсы әсермен сезілуі тиіс. Махаббат машақаты жас қызға ғашық болып есіл-дерті кете еліктеп сүйген жас драматург Константин Гаврилович Треплевтің мұңлы сюжеттері сахнаға оралғанда өте тартымды кейіптеумен қызықты сомдалады.

Демек, Нина Заречнаяның тән санасы өз азғырындысына ұшырайды. Ол кексе жазушы Борис Алексеевич Тригоринге ынтызары ауып қалады. Бұл Чехов ұлы жазушының есті оқырман мен тағдырлы ғұмырияттылардың заңын қайталап қауыштыруы сезіледі… Адамның өмірі қым-қуыт тағдырдың сырын (кодын) ашу үшін Антон Чеховтың шедевр шеберлігі алғашқы мәтіндегі су жаңа өрім. Оны үңгіп түсіну үшін әрине мықты режиссер мен әсіре саналы көзді көрермен керек…

Ирина Николаевна Аркадина мен Борис Алексеевич Тригориндердің тым ескішілдігі, өмірге өте бейпіл де ат-үсті қарайтыны және «атақты даңқты» құр ғана көз алдындағы оңай оспақ дүниедей қарай беретін кейбір өнер адамдарының бейнесімен түсіндіреді. Көрерменнің шынайылықты сәл артық көретініне сәйкес сомдайды. Демек, әлемдегі театрлардың сахналарында қисапсыз қойылған құнды драмның режиссурагерлері осы жағдаяттарды өздерінің таланына қарай икемдеп салуы классикалық дүниенің кетеуін ептеп кетіретіні де болған. Елордадағы «Жастар» театрының актрисасы Әлия Бисенбиеваның Ирина Николаевна Аркадина образын сәтті сомдағанын әлемжеліден әдейілеп байқадық. Бүгінгі актрисаның өткен актриса рөлін сомдауы нағыз шеберлік екенін көргендей болдық десек, тым артық кеткендік емес. Әрине, образды ойната білудің шеберлігін былайғы көрермен бағалай ала ма, әлде басқа ма, ол жағы әлі де күмәнді?!

Жас драматург Константин Гаврилович Треплев Нина Заречнаяға өлген шағаланың жемтігін беретін бір символикалы көрінісі өте аянышты. Ішкі сезімінің күйреуі, адамның бұл дүниеден баз кешуі, сезімінің сәтсіздікке ұрынуы, арманның тас-талқан болуы, түңілуі… Иә, өлген құстың жемітін көрсетуі оқиғаның да, образдың да символдық жағынан әлдеқайда өзгеше мәнде секілді… Мұнда жағалауда оқыс атылған шағаладай осы кепті тағдырды қайталай кешетінін құпия меңзегені ме?! Бұл әлде мүлдем өңге психологиялық дағдарыс па?! Өмір деген өз-өзіне қол салуының ишаратын ғана меңзейтін солақай әрекет емес сықылды еді ғой?! Константиннің долбары Нинаның арманын ойрандаған Тригорин оны ақыры тастап кетерін сәуемен ишаралап көрсетуі деп те үстірт шешім беруге де ерте… Ал, актрисаның үлкен арманы түбірімен опырылып құлап, күйрейтінін Ницшенің атақты – «Gott ist tot» деген ұлы афоризмімен сабақтастыруға да болады.

Бірақ, әйел затының төл табиғилығы тым өрескел де ерепайсыз күйге ұшырағандағы шыдамдылығы, өміршең төзімділігі, өнер жолындағы бек адалдығы, қайтадан төлежіп, шыңдалуын шығарма желісінде табиғи да тамаша талданады.

Сезімнің түрмесіне қамалған межнүн Константин Треплев пен айдынның бетінде қалқып ұшқан ақ шағала сынды ару Нина Заречнаяның бейкүнә махаббат тәңірі аянышты трагедиясымен тынуы осындайда әттең-айы да әнтегі де көркем бір келісім?!

Ештеңе өзгерген жоқ…

Мақаланы бағалаңыз 👇

Источник: Qazaq Today · Дана Нартаева