Роза Әлқожа: Әншілердің әлеуметтік желідегі өмірі шынайы емес

04.10.2026 15:02 · Интересное

Роза Әлқожа: Әншілердің әлеуметтік желідегі өмірі шынайы емес

Сурет: Әлеуметтік желіден

Танымал әнші Роза Әлқожа өнер адамдарының әлеуметтік желіде көрсететін өмірі мен шынайы жағдайы туралы әңгімеледі.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Ол «Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында өнер иелері көбінесе өмірінің тек жақсы жағын көрсетуге ұмтылатынын жеткізді.

Роза Әлқожаның айтуынша, жұрт әншілерді концерттерден қомақты табыс табады деп ойлайды. Алайда өнер адамдарының қаржылық жағдайы сырт көзге көрінгендей бола бермейді.

«Көбісі әншілерді концерттен көп ақша табады деп ойлайды. Жалпы, біз баймыз. Ақша, дүние жағынан емес. Алла тағала жұрттың бәріне ақындық, сазгерлік беріп жатқан жоқ. Сол жағынан баймыз. Әйтпесе, кредиттен кредитке жүргеніңді ешкім білмейді. Мен кредитсіз өмір сүре алмаймын», – деді әнші.

Сонымен қатар ол өнер адамдарының әлеуметтік желідегі жазбалары шынайы өмірдің толық көрінісін бере бермейтінін атап өтті.

«Біз ашылып сұхбат бермейміз, көбіне өтірік сөйлейміз. Керемет жанұя болып көрінеміз, тек жылтыраған жағын саламыз. Жұрттың бәріне ұнағымыз келеді», – деді Роза Әлқожа.

Әншінің пікірінше, адамдар жасандылықтан шаршап, табиғилыққа қайта бет бұрып жатыр.

«Жасандылықтың бәрі қалып бара жатыр. Бұрынғыдай жасанып киінбейміз, боянбаймыз. Өйткені адамзат жасандылықтан шаршайды. Табиғи дүниелерге қайтып келе жатырмыз», – деді ол.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Источник: Qazaq Today · Дана Нартаева